Кері қайту

Өсімдіктер тозаңы немесе поллинозға аллергия

Жылдың жылы мезгілі айтарлықтай таралған аллергиялық ауру – поллиноздың асқыну кезеңі. Поллиноз (pollen - тозаң) – тозаң аллергендері, әртүрлі өсімдіктердің тозаңына иммундық жүйенің сәйкессіз реакциясы тудыратын аллергиялық ауру. «Шөп безгегі» термині 1819 жылы енгізілген; көз ауруының мезгілдік ауруының себебі шөп деп бағамдалған. Аллергияның симптомдары мен тозаң арасындағы байланыс 1873 жылы анықталды.

Поллиноз барлық жастағы топтарда кездеседі, бірақ алғашқы симптомдар әдетте балалық шақта немесе жасөспірім шақта мазалай бастайды. Поллиноз – созылмалы ауру; поллиноздың симптомдары жыл сайын бір уақытта қайталанады. Симптомдардың мезгілдік (көктем, жаз) күшеюі – поллиноздың ең маңызды диагностикалық белгісі. Поллиноздың асқынуының ауырлығы тозаңның ауадағы шоғырлануына (тозаң неғұрлым көп болса – аллергиялық реакция да соншалықты қатты көрініс табады), ағзаның тозаңдық аллергендерге жеке сезімталдығының спектрі мен дәрежесіне байланысты (сезімталдық спектрі - асқынудың ұзақтығын, ал сезімталдық дәрежесі – симптомдардың қарқындылығын анықтайды).

Тозаңның атмосферада шоғырлануы көбінесе аллергиялық реакцияның қарқындылығын анықтайтын ауа температурасы, атмосфералық қысым, желдің жылдамдығымен байланысты. Ауа райы құрғақ және жылы кезде өсімдіктер қарқынды түрде тозаңданады және аллергияның симптомдары күшейеді. Суық күндері тозаң аз лақтырылады, бірақ өсімдіктердің гүлдену кезеңі де созылады. Тозаңның ауада шоғырлануы жаңбыр кезінде және жаңбыр тоқтағаннан кейін бірден, сонымен бірге желсіз ауа райында айтарлықтай төмендейді.

Таңғы сағаттарда (5-тен 11-ге дейін) тозаңданудың қарқындылығы өте жоғары, кешке төмендейді, ал түнде минималды болады. Басқа аллергендік өсімдіктер жоқ климаттық аймаққа жол жүргенде поллиноздың асқыну симптомдары 2-3 күнде тоқтайды.

Поллинозды ең алдымен желмен ұзақ қашықтыққа – ондаған және тіпті жүздеген шақырымға тасымалданатын, ұсақ (20 - 60 микрон) тозаңды көп мөлшерде бөлетін желмен тозаңданатын өсімдіктердің тозаңы тударады. Сондықтан сырқат аллергенді өсімдіктер жоқ жерде көрініс табуы мүмкін. Оған қоса тозаң шығаратын өсімдіктер аталған аймақта кең таралған болуы тиіс. Ағзаның тозаңға қатысты реакциясы тозаңның бірқатар сипаттамаларына байланысты. Осылайша, мысалы қайың, тимофеевка және жусанның тозаңдарының аллергияны тудыру қабілеті өте жоғары, ал қарағай тозаңында төмен.

Ең жоғары аллергендік белсенділікке ойраншөп, жусан, астық тұқымдас (шалғындық) шөптер мен қайыңның тозаңдары ие, бірақ әр өңірде әртүрлі аллергендер «қаһарларын төгеді» (Жапонияда – бұл балқарағай тозаңы, Украинада – талшын мен емен, Оңтүстік Еуропада – жарын (париетария)).

Аллергенді өсімдіктер.

Аллергенді өсімдіктердің (ағаштар, астық тұқымдастар және арамшөптер) бірнеше тобы бар және поллиноздың асқыну кезеңдері немесе маусымдары бірнешеге бөлінеді:

1.  Көктемгі

2.  Ерте жазғы

3.  Кешеуілдеген жазғы немесе жазғы және күзгі

Классикалық жағдайда аллергия екі-үш түрлі өсімдіктердің тозаңдарына дамиды, ал аурудың асқынуы бір айға жуық жалғасады. Алайда, сезімталдықтың көпжақты болуы (полисенсибилизация) жиі кездеседі, яғни аурудың асқынуы жылдың жылы мезгілі бойынша жалғасуы мүмкін.

 

Ағаш өсімдіктер.

Поллиноздың алғашқы асқыну кезеңі – көктемгі кезең (наурыз - мамыр). Бұл кезеңде ағаш өсімдіктер тозаңданады. Алғашқы болып наурыз, сәуір айларында қандыағаш, орманжаңғақ және қайың гүлденеді. Сәуірдің соңында кезек тал, терек, шегіршін, шаған, үйеңкіге келеді. Мамырда – емен, мамыргүл, алма ағашы, қылқан жапырақты ағаштар. Бұл топтағы айтарлықтай маңызды аллергенге қайыңның тозаңы жатады. Бәрінен кеш тозаңданатын ағаш жөке ағашы (маусымда).

 

Астық тұқымдас (шалғындық) шөптер.

Астық тұқымдастардың тозаңы – бүкіл Қазақстан бойынша нөмірі бірінші тозаң аллергені, екінші кезеңді ашады – ерте жазғы. Аймаққа байланысты астық тұқымдас шөптер мамырдан тамыздың соңына дейін гүлдейді. Мамырдың екінші жартысында түлкіқұйрық пен қоңырбас тозаңдана бастайды. Маусымда оларға тимофеевка, бетеге және тарғақшөп қосылады. Сонымен бірге поллиноздың негізгі себебі тимофеевка, қоңырбас, тарғақшөп, бетеге, бидайық, үйбидайық, боз, суоты, түлкіқұйрық пен арпабастың тозаңдары.

 

Арам шөптер.

Поллиноздың асқынуының үшінші кезеңі - кешеуілдеген жазғы (тамыз-қыркүйек). Бұл күрделігүлділер мен алабота тұқымдастарына жататын өсімдіктердің гүлдену мезгілі; жусан мен көкпек жоғары аллергенді қасиеттерге ие. Аталған тұқымдастар ішінде аллергияны ерте уақытта да тудыратын өсімдіктер бар: мысалы, бақбақ, жусан мен ойраншөптің жақын туысы – мамыр айында. Әртүрлі тұқымдастарға жататын жолжелкен, қымыздық және қалақай маусым-шілде айларында тозаңдана бастайды; олардың тозаңдануы күзге дейін жалғасады.

 

Маусымдық аллергиялық ринит және конъюнктивит, тозаңнан болатын бронх демікпесі.

Өсімдіктердің тозаңдану кезеңінде (палинация) қоршаған ортадағы тозаң мұрын, көз бен ауыз қуысының шырышты қабықтарында шөгіп қалады, ауамен бірге бронхқа енеді, терімен байланысқа түседі және оған сезімтал адамдарда аллергияның симптомдары пайда болады. Оларды аллергенді тозаңның иммундық жүйенің жасушаларымен байланысуы нәтижесінде дамитын аллергиялық қабыну тудырады.

Поллиноздың негізгі нозологиялық көріністеріне маусымдық аллергиялық ринит, конъюнктивит (маусымдық аллергиялық риноконъюнктивит) және тозаңнан болатын бронх демікпесі жатады. Егер Сіз жыл сайын шамамен көктем немесе жаздың дәл бір уақытында келесі симптомдардың бір немесе бірнешеуін байқасаңыз, Сізде өсімдіктер тозаңына аллергия (поллиноз) болуы мүмкін:

· тоқтамайтын түшкірік (түшкіру ұстамасы), мұрынның қышуы, мұрыннан мол сулы бөліністердің шығуы (қатты тұмау) немесе мұрынның бітеліп қалуы (аллергиялық ринит, аллергиялық тұмау);

· көздің қышуы және қызаруы, көз жасының ағуы (аллергиялық конъюнктивит);

· таңдайдың, тілдің қышуы (аллергиялық фарингит);

· құрғақ жөтел, тыныс алудың қиындауы, демікпе немесе тұншығу, көкірек қуысында сырылдың болуы (тозаңнан болатын бронх демікпесі);

· терідегі бөртпелер, терінің қышуы (атопикалық дерматит немесе аллергиялық есекжем).

Поллиноздың маусымдық асқынуы кезінде болатын күй «суық тиюді» еске салады, бірақ температура жиі қалыпты болып қалады. Сырқаттың нағыз қызған кезінде «тозаңмен улану» деп аталатын жалпы симптомдар байқалуы мүмкін: ашуланшақтық, шаршағыштық, тәбеттің болмауы, арықтау, күйзеліс, бас сақинасының ұстамасы болуы мүмкін. Тозаңның асқазан-ішек жолына түсуі кезінде, мысалы омарта шаруашылығы өнімдерімен бірге түссе жүрек айнуы, құсу, есекжеммен бірге жүретін іштің қатты ауруы болуы мүмкін.

Егер Сіз жоғарыда аталған симптомдардың біреуін немесе бірнешеуін байқасаңыз, онда Сізге аллерголог-дәрігер маманнан консультация алған және аллергендерге қарсы антиденелерді - Е спецификалық иммуноглобулиндерін қанда анықтау зерттеуін өткізген жөн. Аталған зерттеуді кез келген жаста, аллергиялық аурудың асқынуы болу-болмауына қарамастан өткізуге болады. Сіз ОЛИМП зертханалар желісінде ағаштар, шөптер, арамшөптерден тұратын барлық өсімдіктер аллергендері бойынша тексеруден өте аласыз. IMMULITE 2000 XPI (Siemens, АҚШ) автоматты талдағышының арқасында спецификалық Е иммуноглобулиндерін анықтауға арналған талдау жылдам және денсаулыққа ешбір қауіпсіз орындалады!