Кері қайту

Хеликобактер пилориге (helicobacter pylori) талдау

Хеликобактер пилориге (Helicobacter pylori) талдау асқазан аймағындағы ауырсыну сезімдері мен жайсыздыққа шағымданатын барлық адамдарға көрсетілген. Хеликобактер инфекциясы асқазан мен он екі елі ішектің шырышты қабықтарының көптеген зақымдануларының дамуын қоздыратын болғандықтан, оны уақтылы анықтау және жою онкологиялық ауруларға дейін баратын денсаулықтың ауыр бұзылыстарының дамуына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Хеликобактер пилориге талдау: хеликобактер инфекциясының қоздырғышы туралы түсінік

Қазіргі уақытта Хеликобактер пилори (Helicobacter pylori) адамның ең кең таралған инфекцияларының бірі. Бұл микроағза сөзбе сөз - «қалтқыда мекендейтін шиыршық тәріздес бактерия» (қалтқы - асқазанның он екі елі ішекке өтетін төменгі бөлімі) дегенді білдіреді. Ол анаэробтарға жатады, яғни ауада өлетін микробтарға. Инфекция адамнан адамға сілекей және шырыш арқылы жұғады.

Инфекцияны жұқтыру көбінесе отбасы ішінде немесе басқа тығыз қарым-қатынастағы топтар арасында болады, өйткені инфекция бір ыдысты пайдалану кезінде, гигиена ережелерін сақтамағаннан, адамдар тығыз орналасқан жерде тұрғаннан тарайды. Инфекция көбінесе анадан балаға беріледі (емізікке, қасыққа немеса басқа заттарға түскен сілекей арқылы). Хеликобактер пилори инфекциясын тіпті сүйісу кезінде жұқтыруға болады.

Адамның ағзасына түсе отырып, хеликобактер асқазанға түседі. Әрі қарай бұл микроағза - тұз қышқылынан тұратын асқазан сөлі жоймайтын жалғыз ғана бактерия, асқазанның шырышты қабығына барып, оның тіндерінің құрылымы мен олардың қызметтерін бұзады. Бұл асқазанның шырышты қабығының қабынуына (гастрит), эрозияларға және ойық жараларға әкеледі. Сонымен қатар хеликобактер пилори асқазанның жергілікті қышқылдығын өзгертеді және бұл оның қабықтарының қорғаушы қасиеттерінің бұзылуына әкеледі.

Әлсіреген иммунитет пен ағзада ұзақ уақыт болғанда хеликобактер пилори асқазанның жоғары жатқан бөлімдеріне тарала алады, сонымен бірге он екі елі ішектің буылтығына да тарала алады. Бұл әрі қарай шырышты қабықтың құрылымы мен қызметтерінің бұзылуына, қабыну үдерісінің таралуына және жаңа эрозиялар мен ойық жаралардың пайда болуына әкеледі.

Хеликобактер пилори инфекциясының гастрит, асқазан мен он екі елі ішектің ойық жарасы, асқазан қатерлі ісігі мен бірқатар аурулардың дамуымен тығыз байланысы анықталды.

Хеликобактер пилориге талдау: Helicobacter pylori жұқтырғандардың барлығы ауыра ма?

Бір қуантарлығы адамзаттың 2/3 бөлігі хеликобактерді жұқтырғанмен, ол оны жұқтырған адамдардың көпшілігін мазаламайды. Асқазанның ойық жарасы мен денсаулықтағы басқа бұзылыстар хеликобактер пилори таратушыларының бәрінде болмайды.

Осы тұста хеликобактерге оның «қара» жұмысын атқаруға көмектесетін бейімдеуші факторлар іске қосылады - тамақтану режимінің дұрыс болмауы, күйзелістер, темекі шегу мен алкоголь. Хеликобактер пилори өздігінен спецификалық симптомдар тудырмайды. Оның ағзада бар екендігіне тек қана асқазан аурулары қосылғанда сезіктенуге болады.

 Хеликобактер пилориге талдау: оны кімге тапсыру қажет?

Әрине, адамның денсаулығы жақсы болғанда хеликобактер пилориге талдау тапсырудың мәні жоқ. Бірақ «асқазан сырқатының» кез келген симптомдары гастроэнтеролог немесе терапевтке баруға себеп болуы тиіс.

Ас қорыту жүйесінің нашар жұмысының келесі белгілерінің пайда болуы алаңдатушылық тудыруы тиіс:

· асқазан аймағының қайталанып ауыруы, әсіресе тамақ ішкеннен кейін басылатын (эрозиялар мен ойық жаралардың белгісі);

· қыжылдың пайда болуы және күшеюі;

· асқазанда ауырлық сезімінің болуы;

· ет тағамдарын қабылдамау (құсуға дейін бару).

Бүгінгі күні асқазанда хеликобактер пилори бар-жоғын анықтауға арналған бірқатар әдістер бар. Хеликобактер пилориді анықтайтын талдаулардың ішіндегі ең нәтижелі талдаулардың бірі - иммундық ферментті талдау деп санауға болады.

Хеликобактер пилориге талдау: хеликобактер пилориге қарсы IgG антиденелеріне иммундық ферментті талдау.

Хеликобактер пилориге талдау: хеликобактер пилориге қарсы IgG антиденелеріне иммундық ферментті талдау қандай талдау болып табылады?

Хеликобактер пилориді анықтауға арналған аталған талдау – қандағы иммуноглобулиндер (немесе антиденелер) мөлшерін анықтауға мүмкіндік беретін зертханалық зерттеу.

 

Хеликобактер пилориге талдау: иммуноглобулиндер деген не?

Иммуноглобулиндер – қан жасушалары түзетін ақуыздар. Ағзаға қандай да бір инфекцияның қоздырғышы түскенде иммуноглобулиндер онымен байланысқа түсіп (кешен құрады), біраз уақыттан кейін бейтараптандырады. Қаншама әртүрлі микробтар, вирустар мен уытты заттар болса, соншалықты әртүрлі иммуноглобулиндер бар. Қанмен бірге олар біздің ағзамыздың кез келген, тіпті оқшауланған жерлеріне еніп, барлық жерде «агрессорларды» табуы мүмкін. Мамандар G, M және A иммуноглобулиндерін ажыратады және оларды IgG, IgM және IgA деп белгілейді.

Хеликобактер пилориге талдау: IgG деген не?

Бұл адамның ағзасында хеликобактер пилори бар екенін растайтын көрсеткіш. Бұл кластың иммуноглобулиндері инфекцияны жұқтырғаннан кейін 3-4 аптадан бастап анықталады. IgG -дің хеликобактерге жоғары деңгейі микроағза жойылғанға дейін және жойылғаннан кейін біраз уақыт сақталады.

Хеликобактер пилориге талдау: IgG үшін қалыпты мәндер қандай болады?

«ОЛИМП» зертханасының өзінің норма бойынша көрсеткіштері бар (референстік мәндер). Олар нәтиже бланкісінде көрсетіледі. Антиденелер деңгейі межелік мәннен төмен болса, нәтиже теріс болады, межелік мәннен жоғары болса, нәтиже оң болады.

 

Хеликобактер пилориге талдау: талдау нәтижесін қалай түсіну керек?

Оң

Хеликобактерге қарсы IgG анықтау бойынша ИФТ талдаудың оң нәтижесі хеликобактер инфекциясының бар екенін білдіреді (ойық жара ауруының даму қаупінің жоғары болуы немесе ойық жара ауруы; асқазан қатерлі ісігінің даму қаупінің жоғары болуы); немесе хеликобактер пилори инфекциясы емделгенін білдіреді: антиденелердің біртіндеп жойылу кезеңі.

​Теріс

​Хеликобактерге қарсы IgG анықтау бойынша ИФТ талдаудың теріс нәтижесі хеликобактер пилори инфекциясының жоқтығын білдіреді (ойық жара ауруының даму қаупінің төмен болуы, бірақ ойық жара ауруының ықтималдығы жоққа шығарылмайды); немесе хеликобактерді жұқтыру жақында ғана болғанын білдіреді (3-4 апта бұрын).