Оқушының жасы ұлғайған сайын анемия мен тапшылық жағдайлары жиі анықталады: ОЛИМП КДЗ зерттеуі
ОЛИМП клиникалық-диагностикалық зертханасы 2022 жылғы қаңтардан 2026 жылғы тамызға дейін зертхананың барлық филиалдарында жүргізілген 0-ден 18 жасқа дейінгі балалардың зерттеу нәтижелеріне талдау жасады. Талдауға шамамен екі миллион бала бойынша алынған 40 миллионға жуық зерттеу нәтижесі енгізілді.
Алынған деректер айқын үрдісті көрсетеді: баланың жасы ұлғайған сайын зерттеу нәтижелерінде әртүрлі ауытқулар жиірек кездеседі. Кей жағдайларда бастауыш сынып оқушылары мен жасөспірімдер арасындағы айырмашылық екі-үш есеге дейін жетеді.
Ең айқын динамика темір алмасуына байланысты көрсеткіштер бойынша байқалады. Тексерілген 6–11 жастағы балалар арасында анемия 7% жағдайда анықталса, 15–18 жастағы жасөспірімдер арасында бұл көрсеткіш 21%-ға жеткен. Ағзадағы темір қорын көрсететін ферритин деңгейінің төмендеуі бастауыш сынып оқушыларының 14%-ында және жасөспірімдердің 33%-ында анықталған. Бұл көрсеткіштердің жас ұлғайған сайын өсуі негізінен қыз балалар арасында байқалады.
Осыған ұқсас үрдіс фолий қышқылы бойынша да байқалады: оның төмен деңгейі 6–11 жастағы балалардың 13%-ында және 15–18 жастағы жасөспірімдердің 33%-ында анықталған. В12 дәруменінің тапшылығы едәуір сирек кездескен — бастауыш сынып оқушыларының шамамен 1%-ында және жасөспірімдердің 4%-ында.
D дәруменінің көрсеткіштері де ерекше назар аударуды қажет етеді. 6–11 жастағы тексерілген балалардың 41%-ында оның тапшылығы анықталса, 15–18 жастағы жасөспірімдер арасында бұл көрсеткіш 60%-ға жеткен. Сонымен қатар нәтижелер маусымға байланысты айтарлықтай өзгерген: ақпан айында D дәруменінің тапшылығы жаздың соңымен салыстырғанда шамамен екі есе жиі кездескен.
Гемоглобин деңгейінде де маусымдық айырмашылықтар байқалған. Анемияны көрсететін нәтижелердің ең төмен үлесі қазан айында — 14,4%, ал ең жоғары көрсеткіш маусым айында — 16,7% болған. Көрсеткіштер арасындағы айырмашылық 15%-ды құрады.
Глистік инвазиялардың таралуына келетін болсақ, олар жасөспірімдер арасында (тексерілгендердің 2%-ы) бастауыш сынып оқушыларымен (5%) салыстырғанда сирек кездеседі.
Оқушылар арасындағы тапшылық жағдайларының жас ерекшелігіне және өңірге байланысты айырмашылықтары бар. ОЛИМП КДЗ деректері бойынша олар Қазақстанның орталық және оңтүстік өңірлерінде жиірек анықталған. Бұл ретте талдауға зерттеулер шағымдарға, симптомдарға немесе басқа да медициналық көрсетілімдерге байланысты тағайындалуы мүмкін балалардың нәтижелері енгізілгенін ескеру қажет. Сондықтан бұл деректер Қазақстандағы барлық балалар арасында аурулардың таралу деңгейін көрсетпейді және елдегі бүкіл балалар популяциясының статистикасы болып табылмайды.
«Педиатрға жүгінуге баланың тез шаршауы, терісінің бозаруы, белсенділігінің төмендеуі, өсуі мен дамуындағы бұзылыстар, сондай-ақ жиі сырқаттануы себеп болуы мүмкін. Тексеруден өту қажеттілігі мен талдаулар тізімін дәрігер баланың жасын, шағымдарын, анамнезін және тексеру нәтижелерін ескере отырып анықтайды. Оқу жылы басталар алдында профилактикалық тексеруден өту баланың өзін-өзі сезінуіне, жұмысқа қабілеттілігіне және оқу жүктемесіне бейімделуіне әсер етуі мүмкін жағдайларды дер кезінде анықтауға көмектеседі», — деп атап өтті ОЛИМП КДЗ бас директоры Ерлан Сүлейменов.
Зерттеу балалардың зертханалық көрсеткіштеріндегі жасқа, маусымға және өңірге байланысты ерекшеліктерді көрсетеді. Бұл деректер ата-аналар мен дәрігерлерге қосымша бақылауды қажет ететін факторларға дер кезінде назар аударуға көмектесе алады.