Цитруллинденген виментинге қарсы антиденелер (анти-MCV)
Цитруллинденген виментинге қарсы антиденелер (анти-MCV) - өзгеріске ұшыраған виментин ақуызына қарсы бағытталған IgG класты аутоиммундық антиденелер.
Виментин - ағзада қалыпты жағдайда болатын жасушалардың құрылымдық ақуызы. Қабыну кезінде бұл ақуыз өзгеріске ұшырап, иммундық жүйе оны «бөгде» зат ретінде қабылдап, оған қарсы антиденелер түзе бастайды.
Анти-MCV антиденелерінің пайда болуы аутоиммундық қабынудың, ең алдымен буындардағы қабыну үдерісінің дамуымен байланысты. Бұл антиденелер ревматоидты артритті - буындарды зақымдап, олардың бұзылуына әкелуі мүмкін созылмалы қабыну ауруын диагностикалауда маңызды рөл атқарады.
Анти-MCV цитруллинденген ақуыздарға қарсы антиденелер тобына жатады және аурудың ерте кезеңдерінде, кейде айқын клиникалық белгілер пайда болмай тұрып-ақ анықталуы мүмкін.
Сондай-ақ анти-MCV деңгейі қабыну үдерісінің белсенділігімен және аурудың анағұрлым ауыр ағымымен байланысты болуы мүмкін.