IgA глиадині антиденелері
Глиадинге қарсы IgA антиденесі - бұл целиакия ауруын диагностикалау үшін қажет талдау.
Глиадин – бұл дәнді өсімдіктердің құрамында болатын негізгі нәруыздық компоненттердің бірі. Өздігінен глиадин зиянсыз зат болып табылады, бірақ генетикалық бейімділігі бар адамдарда ол иммундық жүйені арандатуға қабілетті, осы «бөгде» нәруызды «жою» үшін арнайы (IgG, IgA) антиденелерді өндіре бастайды. Ішек ұлпасында антидене мен глиадиннің жанасу кезінде қабыну реакциясы жүреді және ол целиакияның дамуына себепші болады.
Глиадинге қарсы IgA антидене деңгейін анықтау – целиакия диагностикасының аса маңызды, алғы рөлін атқарады. Талдау 85% жуық жоғары сезімталдыққа ие, бұл оның емделушілерде целикияның бар-жоғын анықтайтын скринингтік әдіс ретінде қолдануына мүмкіндік береді. Сынақтың арнайылығы да орта есеппен 85%-ға тең. Селективті IgA тапшылығымен емделушілерде (целиакиямен сырқаттанатындардың 3%) диагнозды қою киындалған.
Аталған факторларға байланысты глиадинге IgA және IgG антиденелерін қатар анықтау ұсынылады, бұл диагноздың дұрыстығын арттырады. Дені сау адамдардың 4% - ында қанда глиадинге IgA антиденелерінің болуы мүмкін екенін назардан тыс қалдыруға болмайды. Глиадинге IgA антиденелерінің жоғары деңгейін анықтау ағзаның оған жоғары қабылдағыштығы туралы куәландырады, бұл целиакия диагнозын қою пайдасына салмақты дәйек болып табылады. Алайда, тек осы көрсеткішке қарап диагноз қою негізсіз, өйткені IgG жоғарлауы басқа тағамдық аллергиялар мен ішектің бейспецификалық қабынуы кезінде де ықтимал. Целиакия ауруын диагностикалау тұрғысынан IgA ең сенімді болып саналады, бірақ осы аурумен сырқаттанатын емделушілердің 4% жағдайда иммуноглобулин А селективті тапшылығы байқалады, ал бұл ретте қанда глиадинге IgA анықталмауы мүмкін.
Целиакия (синоним: глютендік энтеропатия, ішектік инфантилизм) – глютен нәруызымен аш ішектің бүрлерін зақымдау негізінде жатқан ас қорытудың бұзылысы. Глютен немесе желімше (клейковина) – бұл бидай, қарабидай, сұлы(?), арпа сияқты дәнді-дақыл өсімдіктердің дәндерінде болатын нәруыздар тобын біріктіруші ұғым. Бұл нәруыздарға бірінші кезекте глиадин жатады. Негізгі себебіне – ағзаның осы нәруызға нормадан ауытқыған жауабы болып табылады. Бұрын целиакия еуропоидты нәсілдерге ғана тән, аса сирек кездесетін ауру деп саналған. Алайда, серологиялық диагностикалау әдісі пайда болғаннан кейін целиакия Еуропада аса кең таралған асқазан-ішек жолдарының ауру екенін мойындады. Көптеген эипдемиологиялық зерттеулерде 1:80 нен 1:300 дейін аурушаңдық өте жоғары, Азия аймақтары бойынша деректер жоқ, бірақ гастроэнтерологтар өңірде осыған ұқсас эпидемиологиялық жағдай қалыптасқан деп санайды. Ауру бала жасында және ересек жаста анықталады, 2 есе жиі әйел адамдарда кездеседі. Тек 30-40% жағдайларда ғана аурудың клиникалық белгілері классикалық түрде өтеді.
Целиакия, әдетте балаға ұнды қосымша тамақтандыруды бастағанда 6-12 айлығында біліне бастайды. Нәжісі жиі, көп мөлшерде, майлы көпіршікті, өткір жағымсыз иісті және сұрғылт реңді болады. Нәжістің микробиологиялық зерттеуде патогенді ішек флорасы анықталмайды. Антибиотиктермен және ферменттермен стандартты ем нәтижесіз болады. Бала салмақ жоғалта бастайды, селқос, енжар, бозарған болады. Дистрофия үдеген сайын балаларда осы ауруға тән келбет пайда болады: айқын түрде арықтау, көз жанары «өлімсіреген», ауыз қуысының шырышты қабатының түсі ашық түсті, ішінің көлемі ұлғайған, аяқтарында ісік пайда болуы мүмкін. Тонусы төмендеген ішекте сұйықтықтың жиналуы (псевдоасцит) анықталады. Сәбидің дамуы кешігеді. Жоғары жаста симптомдар аз көрінеді: созылмалы шаршағыштық, күйгелектік, кариес, терінің құрғау мен анемия байқалады. Кейбір емделушілерде құрамында глютені бар тағамдарды пайдаланғаннан кейін, тіпті бұл нәруыздың кішкентай ғана мөлшері түскен болса іштің ауырсынуы және іштің қатуы туындайды. Осыған байланысты глютен ішектің қабынуын туғызуға қабілетті, оның негізі қызметі – қоректік заттарды сіңіруі бұзылады, бұл ағзаға микроэлементтер мен дәрумендердің сіңірілуін төмендетіп, гиповитаминоздар, электролиттердің дисбалансы, анемия, остеопороз, гипотиреоз пайда болады.
Целиакияның терілік көрінісі – герпестәрізді Дюринг дерматитіне ерекше назар аударылады. Екі түрлі көрінетін аурулар бір-бірімен байланысты, целиакия кезінде глиадинге қарсы А иммуноглобулины өндіріледі, олар тері қан тамырларына шөгіп, жергілікті қабынуды шақырады. Дюринг дерматиті шамалы температураның көтерілуімен, әлсіздік пен терінің қышынуынан басталады. Одан кейін көпіршік түрінде бөртпелер пайда болады, олар көп мөлшерде аяқ-қолдың бүккіш беткейлерінде болады, ешқашан алақан мен табанда болмайды. 3-4 күннен кейін көпіршіктер жарылып, олардың орнында ашық қызыл түсті эрозиялар (жаралар) түзіледі. Ауру жиі майлы, сұрғылт реңді нәжіспен жүреді.