Талдаулар тізіміне

Қанда селенді (Se) анықтау (хроматография)

Антиоксиданттық және басқа да жасушалық ферменттердің маңызды компоненттері болып табылатын және ағзаға көп мөлшерде түскен кезде уытты қасиеттеріне ие «таптырмайтын» эссенциалдық микроэлемент. Селен кейбір өмірлік маңызды селенопротеиндер мен энзимдердің түйінді компоненті болып табылады. Мысалы, глютатионпероксидаза антиоксиданты бос радикалдарды және липидтердің асқынтотығуын бейтараптандыруды қамтамасыз етеді, жасушалардың құрылымы мен мембрана қызметтерін зақымдаушы әсерлерден қорғайды. Жасушаның антиоксиданттық ферменттері көптеген аурулардың дамуына жағдай жасаушы оксидативті стресске бөгет жасайды. Селенопротеиндер қалқаша безі қызметін реттеуге қатысады. Селен иммундық жүйенің толыққанды қызмет етуі үшін, сондай-ақ репродуктивті қызметті орындау үшін маңызы бар. Кейбір зерттеулер аталған микроэлементтің онкологиялық ауруларды алдын алудағы рөлін көрсетеді. Ол күшәланың антогонисті болып табылады, ағзаны кадмий, қорғасын, таллий, сынаптан қорғайды.

Адам ағзасында селен тағамдармен және ауыз сумен түседі, ұсынылған тәуліктік мөлшері 50-70 мкг құрайды. Оның негізгі көзі көптеген өсімдік және жануарлар тегінің өнімдері, балық және теңіз өнімдері. Селен тапшылығы тағаммен және сумен жеткіліксіз түскенде, асқорыту және абсорбция үдерісінің бұзылуы кезінде (мысалы, мальабсорбция синдромы кезінде, 20% адамдарда бариартриялық отадан кейін), толық парентералды тамақтану кезінде, сондай-ақ селенді көп мөлшерде тұтыну кезінде немесе оның метаболизмі бұзылғанда пайда болады.

Селеннің айқын тапшылығы оның қан плазмасындағы концентрациясы 20 мкг/л кем болғанда миокардтың үдемелі зақымдануы – Кешан ауруын (эндемиялық кардиомиопатия) тудыруға қабілетті. Концентрациясы 50 мкг/л кем болғанда ағзаның бейспецификалық төзімділігі (кез келген патогенді әсерлерге тұрақтылық) төмендейді, ерлерде репродуктивтік қызметі бұзылады, онкологиялық аурулар қаупі артады. Селен жеткіліксіздігі гипофизде соматотропты гормон синтезін бақылаушы трийодтирониннің азаюына байланысты баланың өсу қарқынының төмендеуіне әкеледі. Бір мезгілде селен мен йод тапшылығынан гипотиреоз дамиды, ересектерде миксидема түрінде, ал балаларда – бойының өспей қалауы және ақыл-ес дамуының бұзылуымен көрініс береді. Селен тапшылығы ұйқы безінің кистозды фиброзы, бронх демікпесі, жүрек-қан тамырлар жүйесінің аурулары және бірқатар патологиялық жағдайларда қосақталуы мүмкін. Селеннің және басқа да микроэлементтердің жеткіліксіз түсуі Кашин – Бек ауруының – буындардың көптеген деформациясымен остеоартроз және сүйектердің өсуінің бұзылуы (уровская болезнь) этиологиялық фактор ретінде қарастырылады.

Селен көп мөлшерде болғанда улануды – селенизмді тудырады. Адамдар үшін селеннің уытты дозасы 5 мг құрайды. Селенотоксикоз құрамында селені бар тағамдық қоспаларды шамадан тыс пайдаланғанда немесе құю, электрондық, мыс қорыту, мұнай өңдейтін, химиялық өндірістерде жұмыс істегенде пайда болуы мүмкін. Өндірісте селенді мысты қайта өңдеу арқылы алады. Оны электрондық жартылай өткізгіште, керамика мен шыны үшін түссіздендіру ретінде, шина өндірісінде резеңкелейтін зат ретінде пайдаланады. Селенмен улану (интоксикация) ауыздан сарымсақ дәмінің (диметилселенид түзілуімен байланысты) сезілуімен, лоқсу, шаштың түсуі, тырнақтардың сыңғыштығы, дерматит, жансыздану, құрысу немесе аяқ-қолдарының салдануы түрінде жүйке жүйесінің зақымдануы, психоэмоционалдық жағдайдың бұзылысымен* байқалады.