Қандағы сурьма (Sb).
Сүрме – ағзадағы оның шоғырлануы артқан жағдайда ағзалардың көптеген жүйелеріне қолайсыз әсер ететін металл. Күшәнмен қатар бұл элемент уытты металлоидтар тобына жатады. Сүрменің ағзаға түсуінің негізгі жолы – тамақ өнімдерімен және сумен. Етте, тауықта, өзен балығында, көкөністерде және жемістердегі сүрменің мөлшері 1-10 нг/г-нан аспайды. Ол зәрмен және нәжіспен ағзадан тез шығарылады. Сүрмемен жіті немесе созылмалы улану кезінде бұл металдың неғұрлым көп шоғырлануы өкпе, бауыр, бүйрек тіндерінде және қалқанша безінде байқалады. Қандағы оның деңгейі осы металмен жіті немесе созылмалы улануға күдік туындаған кезде өлшенеді. Қарапайым адам сүрмемен улану қаупіне ұшырамайды деуге болады, дегенмен эмальында осы қосылыс бар ыдыстардан сусындарды ішу кезінде сүрме триоксидімен жаппай алиментарлық улану жағдайлары сипатталған. Тәулігіне адам 5-7 микрограмға жуық сүрме тұтынады, бұл ешқандай теріс әсер бермейді. Көптеген жағдайларда интоксикация осы металмен кәсіби жанасқанда немесе сүрме препараттарымен емделгенде болады. Сүрме және оның қосындылары өнеркәсiпте белсендi пайдаланылады. Мысалы, қарапайым сүрме жартылай өткізгіштер мен диодтарды, сүрме оксиді – отқа төзімді жабынды, сүрме трисульфиді – пиротехника, бояғыштар мен рубин шынысын дайындау үшін қажет.