Прогестерон
Прогестерон – етеккір айналымын реттеуге, жүктіліктің қалыпты өтуіне және ұрықтың дамуына қатысатын стероидты гормон. Гормон аналық бездің сары денесінде, ал жүктілік уақытында – ұрықжолдасында түзіледі.
Прогестерон келесі қасиеттерге байланысты қалыпты бала туушылық қабілетін қалыптастыру үшін қажет:
- Ұрықтанған жасушаның қалыпты бекінуі үшін жатырдың ішкі қабатының (эндометрий) секреторлы фазаға өтуін қамтамасыз етеді;
- Ұрық (эмбрион) жатыр қабырғасына бекігенде ананың иммунитеті ұрыққа қарсы «шабуыл» жамас үшін прогестерон анасының иммундық жауабын азайтады;
- Прогестерон жатырдың жиырылғыштық қасиетін төмендету есебінен ұрық өскен сайын жатырдың созылуына ықпал жасайды;
- Жүктілік кезінде пролактин белсенділігін бәсеңдетеді, осы кезде сүттің бөлінуі жүрмейді, ал босанғаннан кейін прогестерон деңгейі күрт төмендеген кезде сүт бөліну механизмі іске қосылады;
- Шәует жасушасы аналық безге прогестеронның арқасында жетеді деген деректер бар: олар гормон концентрациясының градиенті бойынша - үлкен концентрациядан кіші концентрацияға дейін «жүзеді» (хемотаксис) және соңында мақсатына жетеді.
Прогестеронды нейростериодтарға жатқызады, ол жүйке талшықтарының арнайы миелиндік қабаттарының түзілуіне қатысу есебінен жүйке жүйесінің қалыпты қызметі үшін қажет.
Қанда прогестерон концентрациясы үнемі өзгеріп отырады. Жүктіліктен тыс овуляциядан кейін гормон деңгейі көтеріле бастайды және келесі лютеиндік фазаның ортасында (етеккір айналымының 21-23-ші күні) шарықтау шегіне жетеді. Егер жүктілік болса, онда 7-8-ші аптада гормонның мөлшері 2 есеге артады, содан кейін 37-38-ші аптаға дейін біртіндеп өседі.